Бакуде Қазақстанмен ынтымақтастық талқыланды

Фото: ҚР СІМ баспасөз қызметі

Қазақстан-Әзербайжан Іскерлік кеңесінің жұмыс кездесуі өтті. Іс-шараға Қазақстанның Әзербайжандағы Елшісі Әлім Байел, Әзербайжанның Шағын және орта бизнесті дамыту агенттігінің (KOBİA) Басқарма төрағасы Орхан Маммадов, Қазақстан-Әзербайжан Іскерлік кеңесінің қазақ тарапынан теңтөрағасы Дәурен Бимов және Әзербайжан тарапынан жаңа тағайындалған теңтөраға Эмин Садиг қатысты.

Ә. Байел өткен жылы Қазақстан тарапынан Д.Бимовтың теңтөраға болып тағайындалуымен Іскерлік кеңестің жұмысына жаңа серпін берілгенін атап өтті. Мәселен, соңғы бір жыл ішінде Іскерлік кеңестің үйлестіруімен Әзербайжанға Қазақстаннан 9 бизнес делегациясы сапармен келді. Дипломат жаңа әзербайжандық теңтөрағаның тағайындалуымен бұл құрылымның жұмысы әрі қарай жандана түсетініне сенім білдірді.

Сондай-ақ қазақ Елшісі жылдың алғашқы 4 айында Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы тауар айналымының 20%-ға өскенін қанағаттанумен атап өтті. Бүгінде екіжақты сауда тәуелсіздік жылдарындағы ең жоғары деңгейге жетіп отыр. Әсіресе Қазақстанның Әзербайжанға астық жеткізудегі жетекші рөлін ерекше аталып өтті. «Әзербайжан импортының жалпы көлемінде қазақстандық бидайдың үлесі рекордтық 88%-ды құрады», – деді Елші.

Іс-шара барысында Д. Бимов логистика, агроөнеркәсіп, энергетика, сауда, инфрақұрылым дамыту, мейрамхана бизнесі мен цифрландыру салаларындағы бірлескен қазақ-әзербайжан жобаларының перспективалары туралы айтып берді.

Әзербайжан тарапы Қазақстанның астығы мен ұнының жергілікті тұтынушы үшін артықшылықтарына жасалған талдаудың нәтижелерімен таныстырды. Қазақстан бидайының сапасы жоғары екені және елімізден жеткізілімдердің тұрақтылығын қамтамасыз ету қажеттілігі айтылды.

Ә. Байел Қазақстан басшылығының Әзербайжанмен өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға ерекше мән беріп отырғанын атап өтті. Өз кезегінде О. Маммадов Қазақстанмен бірлескен жобаларды іске асыру бағытындағы жұмысты жандандыруға дайын екенін жеткізді.

Кездесу нәтижесінде екі ел кәсіпкерлері жақын арада жаңа бірлескен брендпен қазақстандық ұнның алғашқы партиясын Әзербайжанға жеткізуге уағдаласты.

Дереккөз: ҚР СІМ баспасөз қызметі

Достармен бөлісу
Share on facebook
Share on twitter
Share on vk
Share on odnoklassniki
Share on telegram
Share on whatsapp

Танымал жаңалықтар