
Қазіргі таңда тиімді электр энергетика көзі болып табылатын гидроэлектр стансаларының еліміздегі тапшылығы энергетикалық стратегиялық қауіпсіздік жүйесіне болашақта қауіп төндіруі мүмкін. Әлмисақтан бері бір елдің екінші елге тәуелді болмауы мен экономикалық кіріптарлыққа тап болмауының кілті оның энергетикалық қауіпсіздігінде. Еліміз мұнайға, көмірге, темірге және басқа қазба байлықтарға зәру болмағанымен электр энергиясын өндіретін су энергиясына зәру. Бұл біздің энергетикалық қауіпсіздік жағындағы әлсіз тұсымыз. Елімізде ағып жатқан өзендердің бастауының көбі көрші елдерден келеді. Біз бұл өзендерді электр энергиясына айналдыру емес, осы сулармен ауыз су мәселесі мен егіс алқаптарын суландырып алсақ, соның өзі шор-шор алтын болайын деп тұр. Ал экологиялық таза энергия болып табылатын жел энергиясы мен күн энергиясын пайдаланып электр энергетика сұранысы мен қауіпсіздігін түбегейлі шешудің ауылы әлі де алыс. Оның себебі: бірінші, жел мен күн таза жасыл энергия болғанымен оның өзіндік құны су және көмір, газбен өндірілетін электрден әлдеқайда жоғары. Екінші, таза жасыл энергияның елімізде зор мөлшерде өндірілуіне және аумақтық қамту көлемін шексіз арттырудың мүмкіндігі жоқ немесе аз. Үшінші, жел энергиясы мен күн энергиясы жылу энергиясы мен атом энергиясына қарағанда тұрақсыз. Оның электр энергиясын аз беруі мен көп беруі бір құдайдың қолында. Сондықтан жел мен күннен алынатын электр энергиясы қазірше жылудан, судан, атомнан алатын энергияның орнын мүлдем баса алмайды. Ол тек біртіндеп дамитын энергия көзі. Ал жылу энергиясын пайдалану арқылы электр энергиясын алу, оның экологияны бүлдіретін, энергия көзін барынша сарп ететін ерекшелігіне қарай, ендігі жерде ол өткен шақтың еншісінде қалады. Сол үшін адамзат тарихындағы жойқын энергия көзі – атом энергиясы ғана еліміз үшін экономикалық дамудың қажетін қанағаттандыратын, сонымен бірге энергетика қауіпсіздігін түбегейлі шешуге мүмкіндік беретін бірден-бір электр энергия көзі болып табылады. Қазіргі таңда еліміздің электр энергиясы қауіпсіздігін шешу биліктің алдында кезек күттірмейтін мәселе. Егер бұл мәселе оң шешім таппаса, онда билікке кім келсе де Қазақстанның алдағы он жылдық дамуы туралы ауыз ашу қиын. Сондықтан бізге атом электр стансасын салу қажет деп есептеймін.
Индира Ергеш
Келес ауд.