
Астанада азаматтың мүгедектігін анықтау және оған қажетті әлеуметтік қолдау көрсету процесі бір жүйеге біріктіріледі. Бұл туралы қалалық Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде Астана қаласы Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті департаменті басшысының орынбасары Ләззат Сартымбетова мәлімдеді.
Оның айтуынша, жаңа тәсіл мемлекеттік қызметтерді азамат үшін барынша қарапайым әрі түсінікті етуге бағытталған.
— Бұған дейін мүгедектікті рәсімдеу кезінде азамат қай мекемеге жүгіну керегін, қандай құжаттар қажет екенін өзі анықтап, бірнеше кезеңнен өтуге тиіс болатын. Кей жағдайда бір құжатты бірнеше рет ұсынуға тура келетін. Енді бұл тәсіл өзгеріп, мемлекеттік қызметтер азаматтың нақты өмірлік жағдайына қарай ұйымдастырылады. Бірыңғай маршрут мүгедектікті белгілеу қажеттілігі туындаған кезден бастап тиісті әлеуметтік қолдау шараларын алғанға дейінгі процесті қамтиды, — деді спикер.
Дереккөз: @qazaqparat_kz


